Бәріне бірыңғай..... PDF Басып шығару

 

Бүгіннен бастап шымкенттіктер коммуналдық төлемдерді "бір терезе" қағидасы бойынша төлейтін болады. Яғни енді халық бір кассадан екінші кассаға кезекке тұрмай-ақ, газды, жылуды, жарықты, қоқыс шығару және домофон қызметін бір ғана түбіртек арқылы бір жерден төлейді.

- Бұған дейін қаланың көптеген тұрғындары коммуналдық төлемдерді бір жерден қабылдауымызды өтініп келетін. Алайда, тұтынушылардың өтініш-тілектері орынды болғанымен оны жүзеге асыруға мүмкіндігіміз болмады, - деп бастады әңгімесін "Энергопоток" ЖШС-нің бас есепшісі Дариға Ахметова. - Жаңа жүйеге өту бір күннің жұмысы емес. Ол үшін тәжірибе жинақтап, біліктілікті арттыру керек болды. Жасыратыны жоқ, бастапқы кезде газ бен электр қуатының түбіртектерін қосқанымызда халық бұған сенімсіздікпен қарады. Алайда, бертін келе бұл жүйеге үйреніп, оның қаншалықты тиімді екеніне көз жеткізді. Ендігі кезекте тұтынушыларға барынша жағдай жасап, уақытын үнемдеу үшін барлық түбіртектерді бір түбіртекке біріктіріп отырымыз".

Сонымен, қараша айынан бастап барлық тұтынушылардың үйіне Бірыңғай Төлем Құжаты (бұдан былай - БТҚ) жеткізілетін болады. Жаңа түбіртекте - газ, қоқыс шығару, домофон, ыстық су, жарық, жылу қызметінің төлемақысы енгізілген. Сәйкесінше, барлығының дербес шот нөмірі ортақ болады. Яғни, БТҚ-да барлық қызметтің жалпы сомасы көрсетіледі. Ал оның қайсысын төлейтінін, қайсысын кейінге қалдыратыны тұтынушының өз еркінде.

- Барлық төлемдер бір құжатқа біріктірілсе де, тұтынушыны түбіртектегі соманы толықтай төлеуге күштей алмаймыз. БТҚ-на мұқият қарасаңыз - әр коммуналдық қызметтің төлемақысы бөлек-бөлек көрсетілген. Ал тұтынушы қолындағы қаражатына сәйкес, төлейтін коммуналдық қызмет түрін таңдауға құқылы. Десек те, төлемақы әр айдың 25 жұлдызына дейін толықтай төленуі керек екенін естен шығармаған да абзал.

Әрине, бір түбіртек, бір терезе қағидасы тұтынушылар үшін өте қолайлы болатыны анық. Десек те, ертеңгі күні коммуналдық қызметті төледім деп, жайбарақат жүргенде ақшасы қолынап тимеген қызмет көрсетушілер суды, көгілдір отынды немесе жылуды өшіріп кетпесіне кім кепіл?

Дариға Ахметованың айтуынша, бұлай болу мүмкін емес. Себебі, барлық төлемдер Қазақстан Банкаралық Есеп Айырысу Орталығына (ҚБЕАО), одан соң қызмет көрсетушілердің есепшотына аударылады.

- Жаңа жүйеде ақша аударымдары түгелдей бақылауда болады. Себебі оны Ұлттық Банкінің Қазақстан Банкаралық Есеп Айырысу Орталығы жүзеге асырады. Ал бұл аударымдардың қолды болуына немесе басқадай себептермен аударылмай қалуына жол берілмейді деген сөз.

Айта кететін тағы бір мәселе, барлық төлемдер ешқандай үстемақысыз жүргізіледі.

Дариға Ахметованың айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы 186 мың тұтынушы үшін "Энергопоток" ЖШС-нің 32 кассасы "бір терезе" қағидасымен жұмыс жасауда. Одан бөлек "Қазпошта" мен екінші деңгейлі банктермен де келіссөздер жүргізілуде.

- Егер банктер бізбен бірлесіп жұмыс істеуге келіссе, онда тұтынушылар банк арқылы да коммуналдық қызметтерді төлеуге мүмкіндік алады. Алайда, ол үшін банк өзі белгілеген үстемақысын ұстайды.

Осылайша мамандар халыққа қолайлы жағдай жасап қана қоймай, тұтынушы уақытын үнемдеуге де болады дейді.

Десек те, мамандар жаңа жүйе бір ізге қойылғанша, халық арасында түрлі араздықтар мен түсініспеушіліктер орын алады дейді. Себебі, бұл жүйе біздің қаламызда бұрын соңды болмаған. Сондықтан да, Қазақстан Банкаралық Есеп Айырысу Орталығының мамандары "Энергопоток" ЖШС-нің кассирлерін жаңа жүйемен жұмыс істеуге үйретуде. Ал, кассирлер болса, жүйемен жетік жұмыс істеуді үйренген соң, бір тұтынушыға қызмет көрсету уақытысын неғұрлым қысқартады.